Дарынды балаларға арналған "Триумф" балы өтті
Білім бәйгелерінде елорда мәртебесін асқақтатқан мектеп түлектерін салтанатты түрде марапаттау дәстүрге айналды. Осыған орай, жаңа Оқушылар сарайында дарынды балаларға арналған «Триумф» балы өтті.
2013-2014 оқу жылында 362 оқушы АҚШ, Бразилия, Голандия, Грузия, Индонезия, Ресей, Түркия, Қытай, Кипр, Корея, Индия елдерінде өткен халықаралық олимпиадаларға қатысып, нәтижесінде 234 медальді қоржынға салған. Астана қаласының командасы сегіз жыл қатарынан жалпы топтық сайыста «Үздік команда» атағына ие болып отыр.
«Триумф» балына осы жылы жалпы орта білім беретін пәндер бойынша өткізілген халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба сайыстарының 200-ден аса жеңімпазы қатысты. Бас жүлде иегерлері мен оларды сайысқа дайындаған ғылыми жетекшілер балдың салтанатты бөлімінде марапатталды.