М.Тынышпаев ҚазККА Ақмола колледжінде Наурыз мейрамы тойланды
Наурыз мейрамы қазақ халқының ұлттық мерекесі. Жаңа жылдың басталуымен жер ананың тоң кеудесі жібіп, Самарқанның көк тасы еріген қасиетті Наурыз айын М.Тынышпаев атындағы ҚазККА Ақмола колледжі ерекше атап өтті. Барлық қызметкерлері мен студенттері ұлттық киім үлгісін көрсетіп, әрбір топта «Наурыз айы келгенде» деген атаумен топ сағаттары өтті. Топ сағаттары барысында студенттер күн мен түннің теңелуін көрсетіп, кешегі Біржан мен Сараның ізбасарлары айтыс өнерін жасап, 1 курс студенттері Әйтеке би, Төле би, Қазыбек билердің ұлағатты сөздерін көпшілікке арнады. Наурыз тойы бірнеше жерде тойланды. Соның бірі спорттық ойындар. Колледж студенттері бір-бірімен күшпен сынасып, қазақ күресінің палуандары анықталса, енді бірі зіл темір көтеріп, арқан тартып, мәре–сәре болды. Жарыс жеңімпаздары сыйлықтармен, грамоталармен марапатталды. Наурыз мерекесі мұнымен аяқталған жоқ. Барлық колледж қызметкерлері мен студенттерінің қатысуымен «Армысың, әз Наурыз!» атты мерекелік театрландырылған көрініс қойылды. Онда әжелер Наурыз мерекесінің басты дәмі наурыз көженің дайындалуы туралы ақпарат беріп, дәм татырды. Бәле-жаладан аулақ болсын деген ниетпен аластау рәсімі өткізілді. Қазақтың салт дәстүрлеріде шетте қалған жоқ. Колледж ұқызметкерлері ұмытыла бастаған қазақтың салт- дәстүрлерін қайта жаңғыртып, бірі «селт еткізер», бірі «ұйқы ашарды» көрсетіп, саумалық айтып, құрақ құрап, мәнін түсіндіріп көпшілік назарына ұсынды. Наурыз тойына қатысушылар ән мен жырдан шашу шашты.